Алматылық «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Конференция лигасының негізгі кезеңіндегі «Ригаға» қарсы кездесу алдында команданың дайындығы мен еурокубоктардың маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info
Бас бапкердің айтуынша, команда ойынға жақсы көңіл күймен әрі жеңіске деген жігермен келіп отыр. Ол еурокубоктағы әрбір матч футболшылар мен жаттықтырушылар штабы үшін тәжірибе жинап, халықаралық аренада өз мүмкіндіктерін көрсетуге үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
«Команданың көңіл күйі жақсы, жігіттер жекпе-жекке дайын. Біз өзара сөйлесіп, бұл матчтар әрқайсымыз үшін жаңа тәжірибе болатынын түсіндік. Әр ойыншы өз қабілетін көрсетіп, команданың неге қауқарлы екенін дәлелдеуі керек», – деді Рафаэль Уразбахтин.
Бас бапкер еурододаларға тұрақты қатысудың Қазақстан футболы үшін маңызы зор екенін де жеткізді. Оның пікірінше, отандық клубтар жыл сайын кем дегенде Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуға ұмтылуы қажет. Бұл командалардың Еуропада танылуына және халықаралық тәжірибесінің артуына ықпал етеді.
«Біздің еурокубоктарға қатысуымыз – клуб үшін ғана емес, әрбір ойыншы мен Қазақстан үшін де маңызды. Еуропа футболының бір бөлігі болып қалуымыз керек. Мұндай турнирлерде жинаған тәжірибе болашақта клубтарымыздың дамуына және еліміздің футболдағы беделінің артуына көмектеседі», – деді маман.
Айта кетейік, «Рига» мен «Қайрат» арасындағы кездесу бүгін, 15 қазанда, Латвия астанасындағы «Сконто» стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 21:45-те басталады.