Шымкентте әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау департаментінің басшысына қатысты тергеу басталды. Ол өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша оң қорытынды алу үшін лауазымды тұлғаға ақша беру фактісіне күдікке ілінді. Бұл туралы ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкентте әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаевқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін оның жұмыс орнында тінту жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын. Тергеу өрт қауіпсіздігі бойынша оң қорытынды алу үшін лауазымды тұлғаға ақша беру фактісі бойынша жүргізілуде. Koza4kov арнасының мәліметінше, тергеу қылмыстық кодекстің 367-бабында (лауазымды адамға немесе оған теңестірілген тұлғаға, жеке немесе делдал арқылы заңсыз түрде “пара ұсыну/беру”) көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша жүргізілуде.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған деректі растап, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады, алайда істің өзге мән-жайын жарияламады.
Руслан Тұңғышбаев бұл қызметті 2024 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.