Жаңалықтар

"Ұлы балтамен ұрған": Алматылық полицейге қатысты жаға ұстатарлық дерек шықты

"Ұлы балтамен ұрған": Алматылық полицейге қатысты жаға ұстатарлық дерек шықты

Алматы облысында полицейдің өліміне әкелген қайғылы оқиға туралы адамшошырлық ақпар тарады. Бұл туралы Ozgeris.info редакциясына анонимді оқырман хабарлады. 

Мәліметке сәйкес, 22 маусымға қараған түні ер адам жұмыстан үйіне келгеннен кейін жұбайымен тұрмыстық себепке байланысты жанжалдасқан. Келіспеушілік барысында жанжал ушығып, жағдайға отбасы мүшелері мен тағы бір жақын таныс араласқаны айтылады.

Оқырман жолдаған деректе оқиғаға ер адамның жұбайы, сондай-ақ оның кәмелетке толмаған екі баласы және тағы бір күдікті тұлға қатысқан болуы мүмкін екені көрсетілген. Балалардың есімдері этикалық себептерге байланысты жарияланбай отыр.

Ақпаратта ер адамның басына соққы жасалып, салдарынан есінен танып қалғаны айтылады. Одан кейін қол-аяғы байланып, тұншықтыру әрекеттері жасалғаны көрсетілген.

Бұдан әрі ер адам қаза тапқаннан кейін оның денесі оралып, автокөлікке салынғаны хабарланады. Кейін күдіктілер Алматы облысы Кеген ауданы бағытында жолға шыққан.

Оқырман ұсынған мәліметке сәйкес, Көкпек–Көктал–Кеген тасжолының 52-шақырымында мәйіт өртелгені де айтылған.

Қазіргі уақытта бұл деректер ресми түрде расталған жоқ. Редакция құзырлы органдардың ресми түсініктемесін күтетінін хабарлайды.

Барлық жаңалық