Астана қалалық прокуратурасының хабарлауынша, елорда тұрғыны «льготалы кредит алып беремін» деп 16 азаматты алдап, сот алдында жауап берді деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.
Прокуратура мәліметінше, ол жәбірленушілерге бір айдың ішінде жеңілдетілген шарттармен несие рәсімдеп беремін деп уәде еткен. Сол үшін тұрғындар оған ақша аударып отырған. Келтірілген жалпы зиян көлемі 4 миллион теңгеден асқан.
Мәселен, өзін ұлттық компания қызметкері ретінде таныстырған алаяқ «кредит рәсімдеуге көмектесемін» деп, қызметінің құнын 100 мың теңге деп белгілеген.
Сот күдіктіні кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталғаннан жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын өндіру міндеттелді.Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарды сақ болуға, ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.