Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады Ozgeris.info.
Atameken Business телеарнасының мәліметінше, сот тексерісіне Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) Ұлттық банк активтерін пайдалану мен зейнетақы жинақтарын басқаруды инспекциялау қорытындысы себеп болған.
Ревизия нәтижесі бойынша ЖАП 35 тармақтан тұратын нұсқама шығарған.
Алайда қаржы реттеушісі оның екі тармағын белгіленген мерзімде орындамаған:
- Сыйақыларды қайтару: Ұлттық банк 2026 жылғы 1 сәуірге дейін алтын-валюта активтерінің инвестициялық портфелін басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге берілген сыйақы төлемдерін қайтаруы тиіс еді. Ұлттық банк бұл қаражатты жұмысшылардан өз еркімен қайтарып алу Азаматтық кодекске қайшы екенін, ал сот арқылы өндіріп алу уақытты талап ететінін алға тартты.
- Құжаттар бойынша мерзімнің өтуі: 2026 жылғы 20 наурызға дейін реттеуші "ҚРҰБ Ұлттық инвестициялық корпорациясы" АҚ үшін комиссияның бірыңғай тәсілін әзірлеуге міндетті болған. Дегенмен, дедлайнды ұзарту туралы өтінішті Ұлттық банк тек мамыр айында – 2 айға жуық кешігіп жіберген.
Сотта Әлия Молдабекова өзін кінәлі деп есептемей, мәні жоқ істі тоқтатуды сұрады. Жоғары аудиторлық палата өкілі, керісінше, Ұлттық банктің жауаптарды жүрдім-бардым жібергенін немесе ескертулерге хаттама толтырылғаннан кейін ғана реакция білдіргенін айтып, жауапқа тартуды талап етті.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі ("Мемлекеттік бақылау органдарының нұсқамаларын орындамау немесе тиісінше орындамау") бойынша кінәлі деп танылды.
Оған 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.