Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасты. Сотта куәгер Константин Костенко жауап берді. Ол бұл үйде 2020 жылдан бері тұратынын және ғимаратты құрылыс кезінен білетінін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Костенконың сөзінше, тұрғындар арасында үйдіңғ ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың жұмысына қатысты шағымдар болмаған. Керісінше, оның үй мәселелеріне белсенді араласқанын атап өтті.
«Ол үнемі бір нәрсе жасайтын. Үйге бейжай қарамайтын тұрғындардан құралған топ бар. Ол бізге үнемі хабарласып, қандай жұмыстар атқару керегін айтып отыратын», – деді куәгер.
Куәгердің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашаға дейін ғимараттың кейін кірпіш қаптамасы құлаған солтүстік-батыс бөлігінен көзге көрінетін жарықтарды байқамаған. Оның сөзінше, тұрғындар бұл аумаққа сирек баратындықтан, фасадтағы ақауларды байқау қиын болған.
«Біз 100 метр жерді көретін сұңқар емеспіз. Үйдің биіктігі шамамен 27 метр. Егер жарықтарды көрген немесе олардың бар екенін білген болсақ, бинокль алып қарап шығатын едік. Бірақ үйдің жағдайы осындай болады деп ойлаған жоқпыз», – деді ол.
Костенко өзін инженер-құрылысшы екенін, негізгі мамандығы су құбыры, кәріз және инженерлік желілерге қатысты екенін айтты. Оның пікірінше, фасадтың қираған бөлігі жел, жаңбыр және қар сияқты сыртқы факторлардың әсеріне көбірек ұшыраған.
Ол оқиға болған 8 қараша күні терезеден шаң көтерілгенін көргенін айтты. Сыртқа шыққанда жедел жәрдемнің келгенін, ал шамамен 8–10 минуттан кейін төтенше жағдайлар қызметі жеткенін көрген.
Куәгер қираған бөлікті қарап шыққанда, сыртқы қаптамадағы кірпіштің қабырғаға бекітілуіне қатысты сұрақтар туындағанын айтты. Сондай-ақ кей жерлердегі құрылыс ерітіндісінің сапасына назар аударған.
Сотта Ұлдана Мырзуанның жарақат алуына не себеп болғаны да сұралды. Костенко фельдшердің үстіне кондиционердің сыртқы блогы құлағанын айтты. Алайда ол бұл сәтті өз көзімен көрмегенін мойындады.
«Өзім көрген жоқпын. Мен тек логикалық қорытынды жасадым. Бұл ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан алдым», – деді куәгер.
Сонымен қатар Костенко 2017 жылғы техникалық қорытынды туралы құжатты оқиғаға дейін білмегенін айтты. Оның сөзінше, бұл құжатпен кейін танысқан.
Куәгердің айтуынша, егер ғимараттың техникалық жағдайына қатысты елеулі мәселе болса, мұндай ақпаратпен мамандарды алдын ала таныстыру қажет.