Украина қауіпсіздік қызметі қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыровқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Украиналық заңгер Андрей Пронин өзінің Telegram-арнасында Украина қауіпсіздік қызметі оның арызы негізінде Қазақстан азаматы Нұрлан Сабыровтың ықтимал қылмыстық құқық бұзушылығы туралы мәліметті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізгенін хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу Украина Қылмыстық кодексінің 111-2 бабының 1-бөлігі «Басқыншы мемлекетке жәрдемдесу» бойынша жүргізіліп жатыр.
Ресми тергеу аясында Сабыровтың ресейлік қарулы құрылым өкілдеріне материалдық ресурстарды дайындап, тапсырғаны туралы деректер тексерілетін болады. Адвокаттың айтуынша, егер комиктің кінәсі дәлелденсе, оның ізіне Интерпол түсуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде әртістің 2025 жылдың жазында «Вагнер Истра легионының» жауынгерлеріне он питбайк жібергені түсірілген бейнежазба қызу талқыланған еді. Кейіннен бұл сыйлық туралы жазба өшірілген болатын.
Бұл оқиға Нұрлан Сабыровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынғаннан кейін қайтадан назарға ілікті.