🏛️ Саясат

Үкімет жаңа Салық кодексін енгізу барысын талқылады

Үкімет жаңа Салық кодексін енгізу барысын талқылады

Астанада Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің сегізінші отырысы өтті. Жиында кодексті іске асырудың алдын ала нәтижелері қаралды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты.

Жобалық кеңсе отырыстарында жаңа Салық кодексінің нормаларын енгізуге қатысты 60 мәселе талқыланған. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында бірқатар өзгерістер дайындалып жатыр. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды импорттау кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдану, сондай-ақ сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар дәрілерді ҚҚС-тан босату мәселелері бойынша өзгерістер енгізілуде.

Сонымен қатар 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға ҚҚС-сыз шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрық қабылдады.

Қазіргі уақытта Самұрық-Қазына қоры, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс, энергетика және қаржы министрліктері табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесіп, сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл өзгерістер жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілермен жұмыс істеу тәртібіне қатысты.

Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің қағидаттарына сәйкес түзетулердің негізгі тәсілдерін әзірлеуде.

Сонымен қатар бірқатар мәселелер бойынша Салық кодексіне қосымша өзгерістер енгізу ұсынылды. Атап айтқанда:

  • мүгедектік тобы өзгерген жағдайда жеке табыс салығы бойынша шегерімді есептеу тәртібін нақтылау;

  • кредиттер мен қарыздар бойынша сыйақыларға электрондық шот-фактура жазу талабын алып тастау;

  • салық құпиясына жатпайтын мәліметтер тізімін кеңейту;

  • авиациялық керосин импортын ҚҚС-тан босату кезінде оны растау тәртібін нақтылау;

  • экспортқа арналған энергетикалық сусындарға акциз салуды алып тастау;

  • кең таралған пайдалы қазбалар бойынша өндіріс салығын өндірілген жері бойынша бюджетке түсіру тәртібін енгізу.

Бұл ұсыныстар жаңа Салық кодексін тиімді енгізу және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр.

Барлық жаңалық