Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында қолөнер, былғары, сүт өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерді қолдауды тапсырды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламалық құжатын қабылдауды тапсырды. Ол іскерлік белсенділікке және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосымша серпін беруге тиіс. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, құжаттың сапалы әзірленуін қамтамасыз етсін, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол әкімдерге шағын және орта бизнесті қолдаудың басым бағыттарын қайтар қарауды тапсырды.
- Жергілікті өндіріс пен шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру, қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды кеңейту шараларын қамтыған жөн.
Ол үшін әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет.
Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы жобаларға баса көңіл бөлу керек, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте 11 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр.