Жаңалықтар

Үкімет азық-түлікке цифрлық ваучер жүйесін іске қоспақ

Қымбатшылыққа қарсы Үкімет әлеуметтік осал топтарға азық-түлікке арналған цифрлық ваучерлер беруді қолға алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.


Бұл жобаны “BTS Digital” ЖШС іске асырады. Компания бұған дейін eOtinish, «Әлеуметтік әмиян», Aitu платформасын енгізген.

 

Жаңа жүйе «eGov Mobile» қосымшасында іске қосылып, әр АӘК алушыға ай сайын 1 АЕК (2025 жылы – 3 932 теңге) көлемінде ваучер беріледі. Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы шамамен 16 мың теңгеге дейін жеңілдік ала алады. Ваучер тек әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға (ұн, нан, жарма, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, май, көкөніс және т.б.) қолданылады.

 

Жоба Ақкөлде сынақтан өтті, қыркүйекте Көкшетау мен Павлодарға енгізілмек. Сәтті болса, бүкіл ел бойынша 245 мың АӘК алушы қамтылады. Сауда желілеріне 0,01%-дық жеңіл несие беріледі, ал жеңілдік шығынын әкімдіктердің тұрақтандыру қорлары жабады.

 

Бағдарламаға 100 млрд теңге бөлінеді: 35 млрд – дүкендерге жеңіл несиеге, 65 млрд – фермерлерден алдын ала өнім сатып алуға. Алайда әр отбасыға түсетін көмек айына небәрі бірнеше мың теңгемен шектелмек. Оның үстіне ірі сауда желілерінде онсыз да 25–70%-ға дейін жететін акциялар жиі өткізіледі.

Барлық жаңалық