UFC ұйымында өнер көрсетіп жүрген жеңіліссіз эквадорлық файтер Майкл Моралес қазақстандық Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info
Моралес қазіргі таңда кәсіби мансабында 19 жеңіс және бірде-бір жеңіліссіз келе жатыр. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Ислам Махачевке және UFC-дегі өзге қарсыластарына қатысты ойын айтып, келесі жекпе-жекке Шавкат Рахмоновты таңдауға дайын екенін жеткізген.
«Ислам, сен менің дивизионыма келіп, белдікті алғаннан бері сенімен жекпе-жек өткізгім келеді. Бірақ сенің басқа жоспарларың болса, менде 2027 жылға арналған жекпе-жек бар. Бұл дивизионның финалдық боссы – Шавкат Рахмонов. Мені қайдан табатыныңды білесің», – деді Моралес.
Эквадорлық файтер бұған дейін Белал Мухаммадпен жекпе-жек өткізу мәселесін де көтерген. Алайда ол жеңілдеу қарсылас іздемейтінін айтып, дивизиондағы ең қауіпті спортшылардың бірі ретінде Шавкат Рахмоновты атады.
Шавкат Рахмонов октагонға қашан оралады?
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. Сол кездесуде қазақстандық файтер ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, кәсіби рекордын 19-0-ге жеткізді.
Одан кейінгі кезеңде Рахмонов ауыр жарақатына байланысты операция жасатып, ұзақ уақыт бойы қалпына келу кезеңінен өтті. Соның салдарынан ол 2025 жылы жекпе-жек өткізе алмады. Осы жылы да жекпе-жек өтетіні туралы ештеңе айтылмады.
Қазір қазақстандық спортшының UFC-дегі оралуы жанкүйерлер асыға күтетін оқиғалардың біріне айналып отыр. Оның қарсыласы ретінде бірнеше танымал файтердің есімі аталғанымен, Майкл Моралес өз таңдауын ашық білдіріп отыр.
Егер бұл жекпе-жек ұйымдастырылса, 19-0 рекордтары бар қос жеңіліссіз файтердің кездесуі UFC-дің жартылай орта салмағындағы ең тартысты айқастардың біріне айналуы мүмкін. Шавкат Рахмонов үшін бұл – дивизиондағы өз орнын қайта дәлелдеуге мүмкіндік болса, Моралес үшін UFC-дегі ең қауіпті сынақтардың бірі болмақ.