Жаңалықтар

“UFC-ден кетеді” деген қауесетке Рахмонов нүкте қойды

“UFC-ден кетеді” деген қауесетке Рахмонов нүкте қойды

Жеңіліс дәмін татпаған қазақстандық ММА жұлдызы Шавкат Рахмонов өзінің спорттағы болашағына қатысты тарап жатқан қауесеттерге нақты жауап берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Aikyn.kz сайтына сілтемемен.

 

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та файтердің жарақаты асқынып, ол UFC ұйымынан кетуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Бұл жаңалық жанкүйерлер арасында алаңдаушылық тудырды.

 

Алайда Рахмонов өзі “X (бұрынғы Twitter)“ желісіндегі жазбасында бұл қауесеттерді жоққа шығарып, дайындықтың қызу жүріп жатқанын айтты.

 

«Күн сайын тынымсыз еңбектеніп жүрмін. Октагонға қайта оралу уақыты алыс емес. Тағы да айқас алаңына шығуға асығып жүрмін», – деп жазды спортшы.

 

Файтердің бапкері Эдуард Базров та шәкіртіне қатысты мәліметтерге түсініктеме беріп, Шавкаттың толық жаттығу процесін жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

 

«Рахмонов өзін тамаша сезінеді. Біз қалыпты дайындық режиміндеміз, ешқандай ауыр жарақат немесе үзіліс мәселесі жоқ. Алдағы айларда оның қайта оралуын күтеміз», – деді бапкер.

 

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов – UFC ұйымында әлі жеңіліс көрмеген қазақстандық файтер. Ол аралас жекпе-жек әлемінде 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 17-сі мерзімінен бұрын аяқталған.

 

Жанкүйерлер қазір Рахмоновтың октагонға оралуын асыға күтіп отыр.

Барлық жаңалық