Қоғам

УЕФА президентін сайлау Астанада өтеді

УЕФА президентін сайлау Астанада өтеді

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Конгресс жұмысына УЕФА құрамына кіретін барлық 55 ұлттық футбол ассоциациясының өкілдері, ұйым президенті, атқарушы комитет мүшелері, ФИФА, еуропалық лигалар, клубтық бірлестіктер мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады,деп хабарлайды Ozgeris.info.   

Алдағы Конгрестің айрықша маңыздылығы оның сайлау мәртебесінде болуы. Атап айтқанда, Астанада УЕФА президентін және ұйымның атқарушы комитеті мүшелерін сайлау өтеді.

Қазақстанға мұндай ауқымды шараны өткізу құқығының берілуі УЕФА тарапынан жоғары сенім деңгейін және елдің ірі халықаралық спорттық оқиғаларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін мойындауды растайды. Ұйымдастыру шығындары толығымен УЕФА есебінен қаржыландырылатын болады.

УЕФА Конгресі Қазақстанда футболды дамыту бойынша жүйелі жұмыстың кезекті кезеңі болмақ. Елде инфрақұрылым жаңартылып, балалар мен жасөспірімдер футболы дамып келеді, сондай-ақ кәсіпқой клубтарды басқару тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар дәйекті түрде жүзеге асырылуда.

Мәселен, кәсіпқой футболды коммерцияландырудың бірінші кезеңі аясында 11 клуб жеке инвестицияларды тарта отырып, жаңа басқару моделіне өтті. Инвестициялардың жалпы көлемі 80 млрд теңгеден асты. Екінші кезең аясында тағы 8 кәсіпқой клубты коммерцияландыру жоспарлануда. Бұл тәсіл клубтардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға және отандық футболды дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік берді.

Қазақстан Еуропаның футбол картасындағы өз позициясын тек ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушы ретінде емес, сонымен қатар барлық деңгейде футболдың тұрақты дамуына жағдай жасайтын ел ретінде дәйекті түрде нығайтып келеді.

 

Барлық жаңалық