Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастардан дәріс берген Өзбекстан азаматы, профессор Икболжон Карабаев тұтқындалды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ғалымның 3 шілдеден бері қамауда отырғаны белгілі болды. Тұтқындалғанға дейін ол елордада жұбайымен және үш кәмелетке толмаған баласымен бірге тұрған.
Ғалымның туыстары берген ақпаратқа сәйкес, азаматтық киімдегі белгісіз адамдар оны шпиондық жасады деген күдікпен үйінен алып кеткен. Тінту кезінде оның Өзбекстанның Астанадағы консулдық қызметкерімен ықтимал байланыстары туралы айтылған.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы («Тыңшылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұтқындауға ғалымның маңызды минералдар саласындағы зерттеулері себеп болуы мүмкін. Кінәсі дәлелденсе, оған 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.