Жаңалықтар

«Тым қатты кетіп барасың»: Асхат Ниязовтың тақия туралы қалжыңы сынға ұшырады

«Тым қатты кетіп барасың»: Асхат Ниязовтың тақия туралы қалжыңы сынға ұшырады

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде журналист Асхат Ниязовтың подкаст кезінде айтқан сөзі қоғамда үлкен пікірталас тудырды деп мәлімдейді Ozgeris.info сайты Stan.kz сайтына сілтемемен. Кеш барысында жүргізушілер көңілді атмосфера орнатпақ болып, бір-біріне әзіл арнаған. Алайда, Ниязовтың «Русланның қазақылығы сондай, мүшесіне де тақия кигізіп алған» деген қалжыңы көпшіліктің ашуын туғызды.

 

Журналист Диас Нұрақын бұл әзілді орынсыз деп бағалап, өзінің парақшасында пікір білдірді:

 

«Асеке, тым қатты кетіп барасың. Қазақтың тақиясын күлкіге айналдыру әзіл емес, әдепсіздік. Тақия ұлттың қадірлі белгісі, оны келемеж ету өз мәдениетіңе қол көтерумен тең», – деді ол.

 

Оның жазбасына пікір білдірген оқырмандардың көбі бұл ойды қолдады. Көпшілік үшін мәселе жеке адамның қалжыңы емес, қасиетті ұлттық нышанның қорлануы деп саналды.

 

Белгілі азамат Руслан Кенжебаев та бұл пікірге қосылып, былай деді:

 

«Күлкі болсын деп өз мәдениетіңді мазақ ету еркіндік емес, рухани жұтаңдықтың көрінісі. Қазақ отбасында өскен адам дәстүрмен ойнауға болмайтынын біледі. Әзіл мәдениетпен айтылуы керек. Мәдениетсіздікті күлкіге айналдыру өнер емес, ұят іс».

 

Дәл осы подкастта блогер Мұрат Даниярдың «Қаңтар оқиғасы» туралы айтқан әзілдері де сынға ұшырады. Көпшілік үшін 2022 жылдың қаңтары күлкі емес, қасірет. Ол күндері 238 адам қаза тауып, мыңдаған отбасы зардап шекті, 100 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келді.

 

Сондықтан қоғамның наразылығы кездейсоқ емес. Халық «әзіл» мен «қасиетті ұғымның» арасындағы шекараны сақтау керектігін еске салды.

Барлық жаңалық