Түркістан қаласында Yummy Maki кафесінен тапсырыс беріп тамақтанған 14 адам улану белгілерімен дәрігерлерге жүгінді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Искаковтың айтуынша, зардап шеккендердің барлығы фастфудты үйге жеткізу қызметі арқылы алған.
«Бұған дейін де осы кафе тағамдарынан пицца, суши және чикен жеген 68 тұрғын уланған болатын. Сол кезде нысан уақытша жабылғанымен, кәсіпкер жұмысын жалғастырып, тамақ жеткізуді тоқтатпаған», – деді ол.
Қайта жүргізілген тексеріс барысында бірқатар санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталып, кафе қайтадан жабылды. Аталған дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.