Түркістан облысында жұмыстан босатылған мұғалім сот ғимаратында өзіне қол жұмсамақ болды. Оқиға Ордабасы аудандық сотында әкімшілік қамауға алу туралы шешім шыққаннан кейін болған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зардап шеккен азамат – 24 жыл еңбек өтілі бар педагог Х. Ерімбетов. Ол 2026 жылдың қаңтар айында М.Х. Дулати атындағы мектеп басшылығының шешімімен Еңбек кодексінің 52-бабы негізінде қызметінен босатылған.
Мұғалім бұл шешіммен келіспей, Түркістан облыстық еңбек инспекциясына шағым түсірген. Тексеру барысында жұмыс беруші тарапынан заңбұзушылықтар анықталып, педагогты қызметіне қайта орналастыру туралы екі рет нұсқама берілген. Алайда мектеп әкімшілігі бұл талаптарды орындамаған.
Кейін педагог сотқа жүгінгенімен, еңбек дауына қатысты іс бес айға жуық уақыт қаралған. Осы аралықта алты баланың әкесі жұмыссыз қалып, банк шоттарының бұғатталғаны айтылды.
Басылымның мәліметінше, 28 мамыр күні өткен сот отырысында мұғалім істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен. Ал 3 маусымда сот оны сот талабын орындамағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.
Үкім оқылғаннан кейін ер адам өзіне пышақ жарақатын салған. Қазіргі таңда ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем алып жатыр.
Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Қоғам белсенділері Мемлекет басшысына үндеу жасап, мұғалімнің ісіне әділ баға беруді және оның құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді талап етті.
Әзірге бұл жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.