Түркістан облысында қызғанышқа булыққан күйеуі әйелін балғамен ұрып өлтірген. Он төрт жыл отасқан жұбайын өлтірген ер адам қанды қылмыстан соң өзіне қол салған, деп хабарлайды ozgeris.info.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғын үйінде жұбайына дене жарақатын салған.
Салдарынан ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген.
Туыстарының сөзінше жанжалдан басталып, өліммен аяқталған жағдай түнгі бірлер шамасында болған. Анасының мәйітін таңғы алтыда көрген үйдің тұңғышы дереу көмекке шақырып әкесін іздеген. Алайда әкесінің телефонының дауысы дәретханадан шығып, ол жақтан екінші мәйітті көреді. Марқұм соңғы сөзін үнтаспа күйінде жазып қалдырыпты.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етуге жатпайды", – деп хабарлады Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.
Ерлі-зайыптының артында 1 қызы мен 3 ұлы қалды. Тұңғышы 13 жаста болса, кенжесі 3 жаста. Біреуінің мүмкіндігі шектеулі.