Жаңалықтар

Түркістан облысында төрт баласымен жоғалған ана табылды

Түркістан облысында төрт баласымен жоғалған ана табылды

Түркістан облысы Отырар ауданында 7 күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен анасы мен төрт баласы аман-есен табылды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Отырар ауданының тұрғыны жұбайы мен төрт баласының үйден шығып кеткенін айтып, полицияға арызданған. Хабарлама түскен бойда Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру шараларын бастаған.

Із-түзсіз кеткен әйелдің жанында 6, 5, 3 жастағы және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберіс және шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, көліктерді тексерген. Сонымен қатар көршілес аумақтарға бағдарлар жолданып, іздеу жұмыстары күшейтілген.

Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде анасы мен балалары таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында әйелдің жолдасымен арадағы тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кеткені белгілі болды. Ол жерде ешкімге хабар берместен, жалдамалы пәтерде тұрған.

Қазіргі уақытта отбасы мүшелерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Туыстары шақырылып, тараптар өзара келісімге келген. Анасы мен балалары үйлеріне аман-есен оралды.

Түркістан облысының полицейлері іздеу жұмыстарына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.

Барлық жаңалық