Түркістан облысының Кентау қаласында түнгі уақытта қоғамдық тамақтану нысандарының бірінде газ-ауа қоспасының жарылысы тіркелді. Оқиға салдарынан ірі өрт шыққан деп жазады Оzgeris.info.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан тамақтану орнында болған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметі өртті қысқа мерзімде толық сөндірді.
Қайғылы жағдай салдарынан бір адам көз жұмды. Тағы төрт адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Оқиға орнына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров барып, жауапты органдармен жедел кеңес өткізді. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынып, арнайы жедел штаб құрылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда жарылыстың себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.