Спорт

Түркиялық жанкүйерлер Абат Аймбетовтен қаржылық талаптарын қайта қарауды сұрады

Түркиялық жанкүйерлер Абат Аймбетовтен қаржылық талаптарын қайта қарауды сұрады

Түркияның «Адана Демирспор» клубының жанкүйерлері қазақстандық шабуылшы Абат Аймбетовке жүгініп, ФИФА аясында қаралып жатқан аяқталмаған іс бойынша қаржылық талаптарын қайта қарауды өтінді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Жанкүйерлер әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде клубтың қазіргі қаржылық жағдайы бұрынғы басшылықтың қателіктері мен орындалмаған міндеттемелердің салдарынан қиындағанын атап өткен. Олардың пікірінше, қалыптасқан жағдай команданың болашағына қауіп төндіріп отыр.

«Сіздің “Адана Демирспормен” арадағы ФИФА аясында шешілмеген ісіңіз клубымыздың болашағы үшін аса маңызды. Бұрынғы басшылықтың жіберген қателіктері мен орындалмаған уәделері клубты күрделі қаржылық жағдайға душар етті. Бұл командаға адалдығын танытып, бар күшін жұмсаған футболшыларға да қиындық туғызды», – делінген жанкүйерлер үндеуінде.

Сондай-ақ жанкүйерлер «Адана Демирспордың» басқаруы қолдаушыларының қолына өткенін және клубтың бүгінгі күнге дейін олардың көмегімен өмір сүріп келе жатқанын мәлімдеген. Алайда олардың айтуынша, қаржылық ауыртпалықты жанкүйерлердің өз күшімен көтеруі оңай емес.

Осыған байланысты олар Абат Аймбетовтен өтелмеген қаржылық талаптарынан бас тарту мүмкіндігін қарастыруды немесе төлем шарттарын клубқа тиімдірек етіп өзгертуге келісуді сұраған.

«Адана Демирспорды сақтап қалу – тек футбол клубын ғана емес, миллиондаған адамның құштарлығын, тарихын және адалдығын сақтау деген сөз. Осындай қиын кезеңде түсіністік танытып, қолдау көрсетуіңіз клубымыз бен оның болашағы үшін үлкен маңызға ие болар еді», – деп жазған жанкүйерлер.

Әзірге Абат Аймбетовтің бұл үндеуге қатысты ұстанымы жарияланған жоқ. Сонымен қатар қазақстандық футболшының түрік клубына қойған қаржылық талаптарының нақты сомасы мен істің егжей-тегжейі туралы ақпарат берілмеген. Айта кетейік, жанкүйерлердің өтініші футболшының қаржылық талаптарынан бас тартатынын немесе төлем шарттарын өзгертуге келісетінін білдірмейді. Бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім әзірге белгісіз.

Барлық жаңалық