«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Түркияға сапары барысында жұмысшы мамандықтарын сертификаттау, кадрларды заманауи стандарттарға сай даярлау және индустриялық аймақтарды дамыту тәжірибесін зерттеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол жерде ЕО деңгейінде мойындалған кәсіби біліктілік жүйесін қалыптастырған Mesleki Yeterlilik Kurumu (MYK) агенттігінің жұмысына ерекше назар аударылды. Түркияда 200-ден астам мамандық бойынша сертификат алу міндетті саналады. Қазақстан да осындай жүйе енгізуді көздеп отыр. Бұл жұмыс сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, жұмысшы кәсіптерінің беделін көтермек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған. Осыған орай Үкіметпен бірлескен жобалық офис құрылып, сертификаттау орталықтарын дамыту және мамандарды жаңа стандарттарға сай даярлау жоспарлануда.
Делегация сондай-ақ Ақшехир мен Коньядағы өнеркәсіптік аймақтарда болып, Түркия тәжірибесін зерделеді. Мұндай үлгі Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеуге, логистика шығындарын азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл бастама «Ауыл аманаты» жобасымен тығыз байланысты.