Кеше түнде Алматы қаласындағы түнгі клубтардың бірінде Республика күніне арналған драг-шоу өтті деп хабарлайды Ozgeris.info. Шара барысында халық әртісі Мақпал Жүнісоваға қатты ұқсайтын өнерпаз сахнаға шығып, көпшілікті мерекемен құттықтады.
Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде тез таралып, жұрттың қызу талқысына түсті. Көпшілік орындаушының әншіге ұқсастығына таңданысын білдірді.
Өз кезегінде Мақпал Жүнісованың өзі де видеоны көріп, Instagram парақшасында әзіл аралас пікір қалдырды:
«Кеше түнде Республика күнімен құттықтап, Алматының бір клубында мен болып шыққан екенмін. О,тоба!бастағы шашты айтсаңызшы!» – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары Мақпал Жүнісованың әзілін жылы қабылдап, «шын Мақпалдан айыру қиын», «нағыз көшірме сияқты» деген пікірлер қалдырды.