Лондон қаласында өткен беделді «Golden Time Talent» халықаралық байқауында фортепиано класы бойынша өнер көрсеткен қазақстандық жас пианист Абылайхан Мұстафин 35 елдің өкілдері арасынан суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алды,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер додасының ашылу салтанатында арнайы өнер көрсеткен дарынды музыкант осы үлкен жеңісінен кейін Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне арнайы шақырылды. Елшілікте табыс етілген естелік сыйлық әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырған болатын. Осыған орай Абылайхан бұл сыйлықтың неліктен өзі үшін өте бағалы әрі маңызды екенін айтып берді.
Елшілік тарапынан Абылайханға Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументінің кішірейтілген масштабты мүсіншесі (статуэтка) сыйға тартылды.
«Маған бұл сыйлық өте қатты ұнады. Ол әрі пайдалы, әрі символдық мәнге ие. Мен туғаннан көрмеймін, сондықтан шын өмірде қолыммен толық ұстап көре алмайтын заттардың мұндай кішкентай көшірмелерін өте жақсы көремін. Олар арқылы мен әлемді танып, білімімді толықтырамын», — дейді Абылайхан Мұстафин.
Жас пианистің айтуынша, Алматыдағы Республика алаңына барып, тұтас монументті қолымен сезіну мүмкін емес. Ал кішірейтілген модель арқылы ол «Алтын адамды» да, қанатты барысты да саусақ ұшымен сипап, толық бейнесін тани алады. Отаннан мыңдаған шақырым жырақта жүргенде ел тәуелсіздігінің нышанын сыйға алу ол үшін ерекше мақтаныш.
Абылайхан Лондонда болған кезінде Жаратылыстану мұражайына (Natural History Museum) барған әсерлерімен де бөлісті. Ол мұражайдың кәдесыйлар дүкенінде 3 сағаттан астам уақыт өткізіп, динозаврлардың моделдерін, Күн жүйесінің планетарийін және әртүрлі минерал тастарды (кварц, аметист, Кохинур т.б.) сипап сезу арқылы танысқан. Сонымен қатар, ол өз оқырмандарына Брайль шрифтімен хат жазып жіберу үшін арнайы ашықхаттар сатып алғанын жеткізді.
35 мемлекеттің кіл жүйріктері жиналған халықаралық конкурста Қазақстанның намысын биіктерден көрсеткен Абылайхан Мұстафинның бұл жеңісі өнерге деген шексіз сүйіспеншілік пен қайсарлықтың айқын дәлелі.