Жаңалықтар

Туған күніндегі трагедия: Павлодар облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты

Туған күніндегі трагедия: Павлодар облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты

27 мамыр күні таңертең Железинка ауылының маңында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі егістік басында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Қайғылы оқиға салдарынан ұшқыш оқиға орнында көз жұмды. Бұл оның туған күні болатын, марқұм небәрі 29 жасқа толған еді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ жоғары кернеулі электр желісіне жанасып кетіп, жерге құлаған. Бортта 1998 жылы туған екінші ұшқыш болды. Оны төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үйінді арасынан аман алып шықты. Зардап шеккен азамат алдымен Железин аудандық ауруханасына жеткізілді.

Кейінірек науқас апаттар медицинасы орталығының арнайы бортымен Павлодар қаласындағы бірінші ауруханаға ауыстырылды. Қазір ол политравма бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның денсаулық жағдайы туралы толық медициналық тексеруден кейін нақты хабарлауға уәде етті.

Осы оқиғаға байланысты Көлік министрлігі арнайы тергеу ісін бастады. Апат болған жерге көліктегі оқыс оқиғаларды тергеу департаментінің қызметкерлері шұғыл ұшып кетті. Олар қайғылы жағдайдың нақты себептерін анықтайтын болады.

Барлық жаңалық