🌐 Әлем

«Төзім таусылды»: Егор Бероев пен Ксения Алферованың ажырасуына не себеп болды?

«Төзім таусылды»: Егор Бероев пен Ксения Алферованың ажырасуына не себеп болды?

Ресейлік кино өнерінің танымал жұлдыздары Егор Бероев пен Ксения Алферованың дәм-тұзы таусылып, екі бөлек кеткені белгілі болды. Көпшілікті таңғалдырғаны – ерлі-зайыптылардың арасына сызат түскеніне біраз уақыт өткен. Актер отбасынан 2022 жылдың күз айларында кетіп қалғанымен, бұл жаңалық жұртшылыққа енді ғана жария етілді. Қазіргі уақытта бұрынғы жұбайлар өзара байланыс орнатпаған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл жайт туралы алғашқылардың бірі болып Ксения Алферова тіс жарды. Осыдан кейін қоғамда түрлі қауесет тарап, Егор Бероев та ажырасу туралы шындықты растауға мәжбүр болды. Өнер иесінің айтуынша, ол 2022 жылдың қарашасында жеке пәтер жалдап, өз алдына бөлек шыққан. Ол кезде бұл туралы өз блогында да қысқаша жазып өткен екен.

Актер ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен танымал жұптың ажырасуы әрдайым ауыр тиетінін жасырмады. Бұл оқиғаның төңірегінде түрлі алыпқашпа әңгімелер мен қуаныш білдіргендер де болғанын, алайда оған сабырмен қарайтынын жеткізді. Бероев бұрынғы жарына деген құрметін жоғалтпағанын, оны әлі де жақын адамы әрі қызының анасы ретінде бағалайтынын атап өтті.

Ажырасудың басты себебі ретінде актер өмірге деген көзқарастардың алшақтығы мен іштей жиналып қалған түйткілдерді атады. Кейде адамдардың ортақ мәмілеге келе алмайтын сәттері болатынын, ал мұндай жағдайдың соңы төзімнің таусылуына әкеп соғатынын түсіндірді.

Бұдан былай бұрынғы ерлі-зайыптылар бұл тақырыпта ешқандай ресми мәлімдеме жасамайтынын кесіп айтты. Айта кетейік, осыған дейін 48 жастағы Егор Бероевтың өзінен 27 жас кіші келіншекпен жұрт алдына шыққаны туралы ақпарат тараған болатын.

Барлық жаңалық