Қоғам

Тоқаев «Вашингтон моделін» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз етуді ұсынды

Тоқаев «Вашингтон моделін» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз етуді ұсынды

Жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту жөніндегі «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз бола алады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Президент АҚШ басшысы Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары қол қойған ерікті келісімді құптады. Оның айтуынша, ЖИ-ге қатысты қауіптер шекарамен шектелмейді, сондықтан мемлекеттер мен бизнес бірлесіп әрекет етуі қажет.

«Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. “Вашингтон моделі” БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын», деді Тоқаев.

Қазақстан осы мәселені халықаралық деңгейде талқылауға алаң ұсынуға дайын. Президент Кеңес мүшелерінен қысқа мерзімде елдің халықаралық бастамасына нақты ұсыныстар беруді сұрады. Ортақ ұстаным биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылмақ.

Айта кетейік, АҚШ-тағы келісімге Google, Meta, OpenAI, Anthropic, xAI және Nvidia өкілдері қол қойған. Құжат төрт деңгейлі бақылауды қарастырады: қауіптерді бақылайтын ішкі жүйелер, олардың жұмысын тексеретін арнайы топ, тәуелсіз сыртқы аудит және директорлар кеңесі жанындағы комитеттің қадағалауы.

Бұған қоса, Трамп 29 қыркүйекте АҚШ атқарушы органдарының ресми хаттары, хабарламалары мен өзге де заңнамалық емес құжаттарында «жасанды интеллект» атауының орнына «суперинтеллект» және SI қысқартуын қолдану туралы жарлыққа қол қойған.

Барлық жаңалық