Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран президенті Масуд Пезешкианның келіссөздері кеңейтілген құрамда жалғасын тапты. Кездесуге екі елдің ресми делегациялары қатысып, сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету жолдары талқыланды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ақордаға сілтемемен.
Иран басшысы тарихи байланыстардың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ЕАЭО, ШЫҰ және ИКҰ сияқты халықаралық ұйымдардағы белсенді ынтымақтастығын жоғары бағалады. Тараптар алдағы жылдары өзара сауда айналымын үш миллиард долларға дейін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранға жыл сайын кемінде 200 млн доллар көлемінде өнім экспорттауға дайын екенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасын қолдады.
Келіссөздер барысында солтүстік–оңтүстік көлік бағыты мен Қазақстан–Түрікменстан–Иран теміржол желісінің инфрақұрылымын дамыту мәселесі де көтерілді. Аталған бағыт арқылы жүк тасымалы биылғы жылдың алғашқы он айында 53% өсім көрсеткен.
Биыл Иранның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициялары 17,8 млн долларды құрады.