Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстанда қауіпсіздік шаралары қатаңдатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды», – деп хабарлады Смадияров.
Еске сала кетейік, Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін Америка Құрама Штаттары мен Израиль Иранға қарсы алдын ала жоспарланған әуе шабуылдарын бастаған еді. Дональд Трамп пен Биньямин Нетаньяху әскери операцияға қатысты арнайы бейнеүндеу жарияласа, Иран тарапы бұған жауап ретінде қарсы зымыран соққыларын бағыттап жатыр.