Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенмен кездесті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мемлекет басшысы Данияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропалық одақтағы сенімді серіктесі деп атады. Келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады.
– Біз Данияны Еуропаның беделді және ықпалды мемлекеті және сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Екіжақты ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Аталған мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін тараптар осы бағытта белсенді әрі мақсатты түрде жұмыс істеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытудың оң динамикасы атап өтілді. Бұл ретте, Президенттің айтуынша, өзара ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі жеткілікті.
Мемлекет басшысы Carlsberg компаниясының Алматы облысында маңдайалды инвестициялық жобаны қолға алғанын құптап, кәсіпорынның Қазақстанда тамақ өнеркәсібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.