Заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында Ақтөбе облысындағы қария малшыға қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, қоғам жалған ақпараттың жетегінде кетпей, істің мән-жайын толық зерттегеннен кейін ғана қорытынды жасауы қажет.
«Жалған ақпаратты тарату арқылы – қоғамның эмоциясымен қалай ойнауға болатын көрсетті бұл оқиға! Ақтөбе облысындағы қарияның видеосын көріп, жыламаған да, қарғанбаған да адам қалмаған шығар. Мен де сол видеоны көріп, ашуландым, қаным қайнады. Бірақ істің толық құжаттарын өз көзіммен зерттемей жатып, пікір білдіруге асықпадым. Себебі әдеттегідей оқырмандарым алдындағы жауапкершілік. Руслан Өтепбайдың видеосынан түйгенім – қария апелляция арқылы толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистиямен ғана шыққан. Яғни, қария қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам».
Заңгер бұл оқиғада өзін ең қатты қынжылтқан мәселе – инсульт алған әкесінің жағдайына қарамастан оның ұлының әрекеті екенін атап өтті.
«Бұл оқиғада мені ең қатты қынжылтқаны – пайғамбар жасына келген әкесін инсульт алғанша мал соңында жүргізген, тепсе темір үзетін соқталдай ұлы. Әкесі сол күйге жеткенше жылқы бақтырып қойғаны қалай? Бұл жерде біреуді қаралау немесе табалау емес, ақиқатты айту маңызды. «Мал бақтырған кәсіпкерлерді ақтап жатырсың» дейтіндер де табылар. Оны бүгін атып тастасаңдар да маған бәрібір. Бірақ бір шындықты мойындаңдаршы. Бай болсын, кедей болсын, бәріне еңбегін пайдаланатын, үнсіз жүретін, сұрауы жоқ, іздеуі жоқ, қараңғы адам керек. Өкінішке қарай, бұл оқиға – сондай жағдайлардың бірі ғана».
Айгүл Орынбек кәсіпкерлерге де, қоғамға да үндеу жасап, мәселені эмоциямен емес, заң мен ақиқат тұрғысынан бағалауға шақырды.
«Ал енді кәсіпкерлерді өлтіруге шақырып, ұрандатып жүргендерге айтарым: мұндай оқиғадан хайп жинағанша, елімізде қариялар осындай күйге түспейтін жүйе қалыптастыруға күш салыңдар. Сонда ғана шын өзгеріс болады. Ел болып бұл қарияның қарызын да өтеп береміз. Бірақ дәл осылай жүйенің құлы болып жүрген қаншама адам бар? Соларды да ойлайық. Ал халыққа айтарым: бұл оқиға бәрімізге сабақ болуы керек. Ақпараттың ақ-қарасын анықтамай жатып, қарғыс айтып, үкім шығаруға асықпаңыздар. Ауыздан шыққан әрбір сөздің өз иесіне қайтатынын ұмытпаңыздар. Осындай жалған ақпарат арқылы, халықтың эмоциясымен ойнап халықты көшеге шығаратындар да бар! Надандық пен қараңғылықтан арылатын жалғыз жол – білім. Балаларыңызға білім беріңіздер. Ертең өз перзенттеріңіз де дәл осындай жүйенің құлы болып жүрмесін. Эмоциямен емес, ақылмен әрекет ететін қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады».