Жаңалықтар

«Тобылдың» жастарымен ойнау үшін 8 млн теңге: Түркістандық клубтың логистикалық шығыны таңғалдырды

«Тобылдың» жастарымен ойнау үшін 8 млн теңге: Түркістандық клубтың логистикалық шығыны таңғалдырды

Түркістандық «Тұран» футбол клубының Бірінші лига аясындағы кезекті ойынына жұмсалған шығыны жанкүйерлер мен спорт сарапшыларының наразылығын тудырды. Дәл қазір команда Қостанайға жол тартты, бірақ бұл сапардың құны бюджетке айтарлықтай салмақ салған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, команданың Қостанайға жетуі үшін екі ауысыммен (пересадка) ұшатын билеттеріне ғана 6 миллион теңге жұмсалған. Бұған қоса, қонақүй шығындары тағы 2 миллион теңгені құрап отыр. Нәтижесінде, Бірінші лиганың бір ғана матчы үшін клуб бюджетінен 8 миллион теңге «желге ұшқан» дейді Kommentator_Maulen телеграм арнасында.

Ең қызығы, мұндай қымбат шығынмен барып, «Тұран» негізгі құраммен емес, «Тобылдың» жастар командасымен ойнамақ. Бірінші лига деңгейіндегі кездесу үшін 8 миллион теңге жұмсау — қазіргі қаржылық үнемдеу саясатына қаншалықты сай келетіні үлкен сұрақ туғызып отыр.

Жанкүйерлер әлеуметтік желілерде «Бұл қаражатқа клубтың инфрақұрылымын жақсартуға немесе балалар футболын дамытуға болмас па еді?» деген сауалдар тастауда. Қазіргі уақытта клуб басшылығы бұл логистикалық таңдау мен қыруар шығынға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Барлық жаңалық