Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан ауылында 6 жасар бала дәрігерлердің салғырттығының салдарынан қайтыс болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтемемен.
Қайғылы жағдай туралы ақпарат abdulla_kz_kz атты Instagram парақшасында жарияланды.Марқұм Жолшыбек Али Еламанұлы 2019 жылдың 26 шілдесінде дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, бала 29 қыркүйектен бастап сырқаттанып, ауылдық дәрігерге бірнеше рет қаралған. Алайда дәрігер ешқандай нақты көмек көрсетпей, баланы үйге қайтарып жіберген.
«Баланы апасы дәрігерге тізерлеп жалынды. Тек 7 қазан күні ғана ауруханаға жатқызылды. Бірақ нақты диагноз қойылмады. Осы уақыт бойы тек “Креон” дәрісін берумен шектелді. Ал бүгін, 10 қазан күні, баладан айырылып қалдық», — дейді баланың жақындары.
Ең ауыр жайт — екі жыл бұрын дәл осы ауруханада баланың анасы да көз жұмғаны белгілі болды. Бұл жайт ауыл тұрғындарының ашу-ызасын туғызып, жергілікті денсаулық сақтау саласындағы немқұрайдылық мәселесін қайта көтерді.
Қазір бұл жағдай бойынша тиісті тексеріс басталды, ал баланың өліміне нақты не себеп болғанын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.