Қоғам

Тиын санап отырған халықтың ашуына тиді: "Гуччи" киген экономист жол ақысын 500 теңгеге көтеруді ұсынды 

Әлеуметтік желіде тағы бір даулы пікір қызу талқыланып жатыр. Белгілі экономист Олжас Байділдиновтің ұсынысы онсыз да наразы халықтың ашуына тиді. Қоғам белсенділері жаппай наразы акцияларын бастап кетті. Толығырақ Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Қоғамдық көлікте жүру ақысы 500 теңгеге көтерілуі мүмкін. Бұл ұсынысты жасаған экономист 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының қарсаңында газ бағасының қымбаттауына наразы болған халыққа «қоғамдық көлікпен жүрсін» деген сөзімен есте қалған еді.

Бұл экономист өзінің Telegram арнасын жүргізеді. Оның осы пікірі әлемжеліде бірден тарап, үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушыларынің көпшілігі «қарапайым халықтың қалтасын білмейтін, шындықтан алшақ сарапшы» деп сынға алды. Одан бөлек қоғам белсенділері аталмыш экономистің ақшаға мұқтаж емес екенін де көрсетті. 

"Парақшасындағы фотосуреттеріне қарағанда автобуспен жұмысқа баратын адамға ұқсамайды. Қаралау жігіт екен. Бірақ өңін апшаса да қымбат брендтерге әуес көрінеді. Гучи, ЛуиВитонның киімдерін алып, бағасын көрсетіп фотолар салыпты", - деп жазды Ришат Асқарбекұлы. 

Жақында ғана ол мұнай-газ келісімшарттарын ресейлік компаниялардың пайдасы үшін қайта қарау керек деген бастама көтерген. 

"Оның ресейлік подкастқа берген сұқбаты тым сорақы. Орекеңдерге әбден жағымпазданып, Отанын да сатуға дайын адам сияқты кеп көсіледі", - деп қосты ол. 

2022 жылы газ бағасының өсуі елде жаппай наразылыққа ұласқанда, дәл осы Байділдинов:

«Газ қымбаттаса, қоғамдық көлік бар, сонымен жүріңіздер. Бұл да мәселе ме?» - деген болатын.

Сол кездегі халықтың ашуы мен наразылығы Қанды Қаңтарға дейінгі әлеуметтік шиеленістің бір белгісіне айналғаны қоғамның есінде. Ал бүгін ол сол қоғамдық көлікпен жүруді де қиындатқысы келіп отыр. 

Байділдиновтің айтуынша, жол жүру ақысы 500 теңге болуы қажеттіліктен туындап отыр. Әйтпесе, қоғамдық көлік өзін ақтамайды, ал қызмет сапасын арттыру мүмкін емес.

Көлік саласының сарапшысы Азамат Ерғалиев өткір пікір білдірді.

«Халықтың бәрінде жеке көлік жоқ. Бір отбасында күніне бірнеше адам автобуспен бірнеше рет қатынауы мүмкін. Сіз, бәлкім, көптен бері қоғамдық көлікке мінбеген боларсыз. Сол себепті біреу екі аялдама, екіншісі соңғы аялдамаға дейін барып, екеуі де бірдей төлейтіні сізге әділетсіз көрінетін шығар. Бірақ олар біріншісінен екіншісіне ауысып діттеген жеріне жететінін ұмытпаңыз. Екі аялдама жүрген адам артынша тағы екі автобус ауыстыруы мүмкін. Сөйтіп, бір күннің өзінде жолақыға қомақты сома кетеді», - деп жазды ол. 

Негізі, қоғамдық көлік — әлеуметтік тұрғыдан өте сезімтал мәселе. Көпшілік «мұндай кеңесші халықтың күнделікті өмірінен бейхабар» деп есептейді. 

«Бұған автобустың бағасы 5000 теңге болса да бәрібір сияқты. Мемлекет қоғамдық көлікті қаржыландыратынын білмейтін сияқты. Қалай министрдің кеңесшісі болды екен?» - деп жазды Оңғар Қабден. 

Ол тіпті мысқылдап:

«Мына кісіге Ардақ Назаров бір тәртіп көрсетіп алу керек шығар», — деп ашу мен әзілді араластырған пікір қалдырған. 

Халық не дейді: «120 мың айлықпен өмір сүріп көрші, сосын сөйлейсің»

Байділдиновтің ұсынысына қарсы пікір айтушылардың бірі былай дейді:

«Мына Олжас автобустың жолақысын 500 теңге болсын депті. Бір айлыққа 5-9 адам асырап отырған отбасының жағдайын біле ме екен? Егер халықтың жағдайы өзінікіндей болса, бәрі “Гуччи” киіп, кем дегенде “Тойота” мініп жүрер еді ғой!»

Көпшілік оның сәнді киім мен люкс өмір салтын сынады.

«1 миллионның бренд киімін киетін адам қарапайым халықтың қалтасын қайдан түсінсін?» — деп жазған.

«Халықты билікке қарсы қою ма?»

Желіде тараған тағы бір пікірде бұл мәлімдеменің саяси астарына да назар аударылды. 

«Қаңтардың алдында газ бағасына қарсы шыққан халыққа “қоғамдық көлікпен жүр” деп ақыл айтқан. Енді қоғамдық көліктің өзін қымбаттатпақ. Мұның мақсаты не? Халықтың сабырына ши жүгіртіп, Тоқаев билігіне қарсы қою ма?»

Көпшіліктің пікірі ортақ - халықтың қалтасы көтермейді. Жол ақысын 500 теңгеге көтеру экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да орынсыз.

Қазақстанда бір отбасының айлық табысы 120–180 мың теңге шамасында, ал оның едәуір бөлігі тамақ пен коммуналдық қызметке жұмсалады. Мұндай жағдайда қоғамдық көліктің бағасын екі-үш есе өсіру халықтың қалтасына ауыр соққы. Тіпті ең төменгі 85 мың теңгені ала алмай отырғандар да бар. 

«Еріккендер осылай сөйлей береді. Ал біз күн сайын тиынымызды санап отырмыз. Билік басына осындай шындықтан алшақ кеңесшілерді жолатпау керек», — дейді желі қолданушылары.

 

Бір кезде «қымбат газ болса, автобуспен жүріңдер» деген экономист енді «автобуспен жүру 500 теңге болсын» дейді. Ал халық:

«Сонда енді не істейміз, жаяу жүрейік пе?» — деп жауап қатты.

Қазір бұл мәлімдеме әлеуметтік әділетсіздіктің символына айналып үлгерді. Қарапайым халық өмір сүру үшін есептеп, үнемдеп отырғанда, «Гуччи» киген экономистің ақылгөй сөзі елдің жүйкесіне тиіп барады.

Барлық жаңалық