Павлодарда 7 жасар баланың тілін қайшымен кесіп алғысы келген жасөспірімдер туралы оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Баланың анасы әлеуметтік желіге хабарлама таратып, ұлына бір топ жасөспірімнің шабуыл жасағаны туралы айтқан еді. Алайда полиция бұл ақпаратты теріске шығарды.
Полицейлер көршілерден жауап алып, оқиға орнын қарап, бейнебақылау камераларының жазбасын зерттеген.
«Анықталғандай, кәмелетке толмаған бала әткеншекте ойнап отырып, қызық үшін металды жалаған. Сол кезде тілі жабысып қалған. Қанды көрген соң, қорқып кеткен. Әкесінің назарын бұру үшін, өтірік оқиға құрастырған»,-деді ведомстводан.
Анасына профилактикалық әңгіме жүргізілген, мектеп психологынан кеңес алуға ұсынылған.
«Сонымен қатар, бала жазылғаннан кейін оның және заңды өкілінің әрекеті Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, павлодарлық әйел шамамен 10 жастағы екі баланың ұлына шабуыл жасап, жерге құлатып, басы мен денесінен ұрып, ал қайшымен тілін кесіп алғысы келгенін айтқан еді. Әйелдің сөзінше, оның ұлының «ми шайқалып», травматология бөліміне түскен.
Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сауле Шәкеневаның айтуынша, баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол Павлодар облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.