✅ Пайдалы

TikTok-та лайк басып, 2 млн қарызға кірген

Ақтөбе облысының тұрғыны оңай табысқа сеніп, 2 млн теңгесінен айырылды. Ол Telegram-да жарияланған жарнамаға алданып қалған. Хабарландыруда «TikTok-та видеоға лайк басқан әр скриншот үшін 300-800 теңге табасыз» делінген.

Азамат сілтеме арқылы күмәнді сайтқа тіркеліп, тапсырмаларды орындай бастайды. Кейін админ «әр салған ақшаңа 30 % пайда түседі» деп сендірген. Осы сөзге иланып, ол ақшасын үздіксіз құя береді. Ақыры алаяқтар 2 млн теңгені қолды еткен. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Мұндай алдау-арбау қазір жиілеп кетті. Әсіресе TikTok секілді әлеуметтік желілерге тәуелді жастар осындай тұзаққа оңай түседі. Сондықтан ата-аналар балаларға ақшаның оңай келмейтінін кішкентайынан айтып, қаржы сауатын арттыруға көңіл бөлуі тиіс.

Есте сақтайық: SMS-кодты ешкімге бермейміз. Бейтаныс сілтемелерге өтпейміз. Әлеуметтік желідегі уәдеге сене салмаймыз. Телефон арқылы берілген «командаларды» орындамаймыз. Жерде жатқан байлық болмайды, оңай табысқа жоламау керек. Әр ақпаратты тек ресми дереккөзден тексереміз.

Барлық жаңалық