Қоғам

Threads желісінде жастардың той жасау арманын ел болып жүзеге асырып жатыр

Threads желісінде жастардың той жасау арманын ел болып жүзеге асырып жатыр

Желіде қарапайым азаматтың елді тебіренткен жазбасы тарады, деп хабарлайды ozgeris.info.

Ол несие алмай, барын салып шағын ғана үйлену тойын өткізгісі келетінін айтқан.

«20-30 адамға 1 миллион теңгеге той жасауға бола ма? Ата-анамның жағдайы жоқ, тойды өзім өткізуім керек», – деп жазды ол.

Жігіттің жазбасына жауап берген қазақстандықтар бірінен соң бірі көмек қолын созды.

@cvetykz парақшасы қалыңдықтың гүл шоғын тегін жасап беретінін хабарлады.

Қызылордадан лэшмейкер мен бровист маман екі әріптесімен бірге келіп, қалыңдық пен екі ананың макияжы, шаш үлгісі мен маникюрін тегін жасайтынын айтты.

Тағы бір қолданушы немере ағасының жаңа, кимеген костюм-шалбарын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Банкет зал иесі 50 адамға арналған дастарханды бар болғаны 500 мың теңгеге ұйымдастырып беруге ниетті екенін айтты.

Қостанайлық фотограф болса, тойды тегін түсіріп беруге уәде етті.

«Әлем мейірімді жандардан кенде емес, өзім де осындай жағдайда болғанмын, сондықтан жақсы түсінемін», – деді ол.

Сонымен қатар, көлікпен қамтамасыз ететін еріктілер табылып, Астанадан өнер ұжымы би сыйлайтынын, ал сән бренді @s.o_brand егер той қыста өтсе, қалыңдыққа ақ түсті эко-шуба сыйлайтынын мәлімдеді.

Желі қолданушылары мұны «нағыз бірліктің, ізгіліктің көрінісі» деп бағалап жатыр.

Барлық жаңалық