Tesla Қытайда жаңа жол талғамайтын көлігін көрсетті. Бұл көлік алты орындық болып жасалған, аты – YL. Компанияның айтуынша, оны көбіне отбасыларға ыңғайлы етіп шығарған, деп жазады Ozgeris.info.
Tesla жаңа көліктің бағасын да жариялады. Құны – 339 мың юань, бұл шамамен 25 миллион теңге. Доллармен есептегенде 47 мыңдай болады. Яғни бұрынғы Tesla-ларға қарағанда арзанырақ.
Көлік 2025 жылдың қыркүйегінен бастап сатылымға шығады. Сыртқы түрі бұрынғы Y үлгісіне ұқсайды, бірақ сәл ұзындау. Өйткені үшінші қатарға қосымша орындық қойылған. Бір рет қуаттап алған соң 751 шақырымға дейін жүре алады. Бұл отбасымен ұзақ сапарға шығатындарға өте ыңғайлы.

Bloomberg-тің жазуынша, жаңа Tesla Қытайда танымал Li Auto мен Huawei шығаратын Aito көліктерімен бәсекелеспек. Кейінгі кезде бұл компаниялардың көліктері жақсы сатылып жатыр.
Илон Масктің компаниясы Қытайда сатылым азайып кеткен соң, бағасын түсіруге мәжбүр болды. Шілде айында Шанхай зауытынан шыққан көліктер бұрынғыдай өтпеген. Сондықтан Tesla енді қолжетімді нұсқаларды ұсынып, көбірек адамға жетуді ойлап отыр.
Қазір электромобиль нарығы өте қызу. Жаңа үлгілер ай сайын шығып жатыр. Tesla да қалыспай, біресе ұзаққа жүретін седан, енді міне арзан жол талғамайтын көлік ұсынып отыр.
