Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) алматылық "Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбековтың кешегі сейвін үздіктер қатарына қосты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
УЕФА Instagram желісіндегі парақшасында сейв кадрларының топтамасын жариялады. Олар желі қолданушыларына ішіндегі үздігін таңдауды ұсынды.
"Сейсенбіде керемет сейв көп болды. Сіздерге қайсысы қатты ұнады?" - делінген видеожазба сипаттамасында.
Топтамада Наполи, Интер, Вильярреал, Барселона, Бенфика және Копенгаген қақпасын голдан сақтап қалған қақпашылардың видеосы да бар.
Айта кетейік, кеше, 21 қазанда Темірлан Анарбеков кипрлік жартылай қорғаушы Влад Драгомирдің соққысына қарсы әдемі сейв жасаған еді.
Қазақстандықтар 22 жастағы "Қайрат" қақпашысына қолдау білдіріп, жазбаға пікір қалдырды. Кейбірі бұл тізімге Темірлан Анарбековтың Давид Луиздің соққысына қарсы тағы бір сейвін қосуға болатынын атап өтті.
Айта кетейік, "Қайраттың" кипрлік "Пафосқа" қарсы ойыны тең аяқталған соң желідегі жанкүйер Темірлан Анарбеков туралы оң пікір қалдыруда.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық "Қайрат" 2025/26 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы матчта өз алаңында ойыншы саны басым болғанына қарамастан, қарсыласымен тең түскен еді.