Солтүстік Қазақстан облысы

«Темекі шектірмеді»: Петропавлда такси жүргізушісін өлтірген ер адам сотталды

«Темекі шектірмеді»: Петропавлда такси жүргізушісін өлтірген ер адам сотталды

Петропавл қалалық соты такси жүргізушісін өлтіру ісі бойынша үкім шығарды. Сотталушы 39 жастағы Виталий Глушков 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Сот материалдарына сәйкес, оқиға биыл 8 маусымда болған. Сол күні Глушков достарымен бірге Троица мерекесін атап өткен. Ер адамдар бірнеше бөтелке арақ ішіп, Есіл өзенінің жағасында демалғаннан кейін такси шақырған. Тапсырысқа 60 жастағы жүргізуші Андрей Белоконенко келген.

 

Мақсатты жерге жеткен соң, көлікте шылым шегу туралы жанжал шыққан. Куәгердің айтуынша, достарының бірі ақысын төлеп, көліктен шыққан, ал Глушков салонында қалып, темекі тұтатқан. Жүргізуші оған ескерту жасап, көліктен шығуын сұраған. Алайда айыпталушы ашуға мініп, көліктен шығып жүргізушіні бірнеше рет ұрған. Белоконенко жерге құлап, есінен танып қалғанша соққы алған. Оқиға куәгерлері жүгіріп келгенде, Глушков оқиға орнынан қашып кеткен.

 

Жедел жәрдем фельдшерінің сөзінше, такси жүргізушісі ауыр халде, кома жағдайында жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірі үшін бес күн бойы күрескенімен, ол есін жимастан реанимацияда көз жұмған.

 

Судья Асем Джаналина үкім шығару кезінде сотталушының кінәсі толық дәлелденгенін атап өтті.

 

«Қақтығыс болмашы себептен туындаған. Сотталушының әрекеті қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен сипатталады. Ол агрессивті әрекетке барып, адамдар көп жерде, күндізгі уақытта, шіркеу маңында әрекет еткен», – деді судья.

 

Глушков өз кінәсін мойындамаған және марқұм өзін арандатқан деп мәлімдеген. Алайда сот бұл себепті негізсіз деп тапты.


«Видео жазбада сотталушының жүргізушіге бірінші болып соққы жасағаны анық көрінеді. Қорғану әрекеті болмаған. Сонымен қатар, айыпталушының дене бітімі мен жасы жағынан артықшылығы болған», – деді Джаналина.

 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушының оны аппеляцияға беруге құқығы бар.

Барлық жаңалық