Әлем

Тексеріс күшейтілмек: Германиядағы мыңдаған сарбазда Ресей мен Қазақстанның төлқұжаты бар

Тексеріс күшейтілмек: Германиядағы мыңдаған сарбазда Ресей мен Қазақстанның төлқұжаты бар

Германияда 2008 жылдан кейін туғандарға қатысты әскерге шақыру ережелерін өзгерту жоспарланып отыр. Die Welt басылымының жазуынша, мұндай жасөспірімдердің мыңдағаны Германия азаматтығымен қатар Ресей немесе Қазақстан паспорттарына да ие. Оларды «конституцияға адалдығы» тұрғысынан тексермек, деп жазады ozgeris.info сайты dw.com-ға сілтеме жасап. 

Неміс газеті Die Welt 18 қараша, сейсенбі күні Федералдық статистика ведомствосының деректеріне сүйене отырып хабарлағандай, Германияда әзірленіп жатқан бундесверге шақырудың жаңа ережелеріне ілігуі мүмкін жас азаматтардың мыңдағаны қос азаматтыққа ие, оның ішінде Ресей мен Қазақстан азаматтығы барлар да бар.

Желтоқсанда Бундестаг шақырудың жаңа тәртібін бекітуі тиіс: 2026 жылдан бастап Германиядағы барлық 18 жастағылар анкета толтырып, кейін әскери қызметке жарамдылық санатын анықтау үшін медициналық тексеруден өтеді. Егер еріктілер жеткіліксіз болса, әскерге жеребе арқылы шақыру жоспарланған. Алайда бұл мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ.

Die Welt-тің дерегінше, 2022 жылдың мамыр айында Германияда 2008 жылы туған 340 859 ер бала тұрған. Оның ішінде 56 693 жасөспірім Германия азаматтығымен қатар қосымша бір немесе бірнеше азаматтыққа ие болған. Олардың 3691-інде Ресей, 1620-сында Қазақстан паспорты бар. Сонымен қатар 14 463-і — Түркия, 4141 — Польша, 3857 — Италия, 1888 — Сербия, 1640 — Марокко азаматтары.

Қос азаматтығы барларды бундесверге алады ма?

Басылым мәліметінше, анкета толтырғанда басқа азаматтықтардың бар екенін көрсету міндет болады. Германия Қорғаныс министрлігі заң жобасын әзірлеу кезеңінде бұл «сенімсіздік белгісі емес» екенін айтқан: мұндай ақпарат бундесвер үшін маңызды, себебі Германия алдындағы міндеттер сөз болып отыр.

Die Welt жазғандай, Украинадағы соғыс фонында Ресей азаматтығы бар Германияның әлеуетті әскерге шақырылушыларында адалдық пен құпия ақпаратқа қолжетімділікке қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Қорғаныс министрлігі өкілі газетке берген комментарийінде, әскери қызметке ерікті түрде баратындардың бәріне «конституцияға адалдыққа тексеру жүргізілуі тиіс» екенін айтты.

Заңгер Фердинанд Вебер қос азаматтығы бар жастарды медицина тексерісінен кейін туындайтын қауіптерге байланысты әскери қызметке жібермеуі мүмкін деп санайды. Германияның СІМ-і Германия–Ресей қос азаматтығына ие адамдарды көптен бері Ресейге барудың қауіпті екенін ескертіп келеді, себебі оларды Ресейде де әскерге шақырып алуы мүмкін.

Германиядағы жаңа шақыру ережелері

«Әскери қызметті модернизациялау туралы» заң жобасы тамыз айының соңында ХДС/ХСС консервативтік блогы мен социал-демократтардан құралған биліктегі коалиция тарапынан мақұлданған. Сөз 2011 жылы тоқтатылған жалпыға бірдей әскери міндеттілікті қайта енгізу туралы емес, армияға еріктілерді көбірек тарту жөнінде болып отыр.

Алдағы жылдары бундесвердің жеке құрамын 180 мыңнан 260 мыңға дейін көбейту жоспарлануда. Бұған себеп — Ресейдің Украинаға қарсы соғысы және жақын жылдары РФ-ның НАТО-ға шабуыл жасау қаупі.

«Ресей болашақта Еуропа қауіпсіздігіне ең үлкен қауіп болып қала береді», — делінген заң жобасы мәтінінде.

Барлық жаңалық