26 шілдеден бастап ұялы телефондарды кезең-кезеңмен бұғаттау жұмысы басталып кетті. Тексерістен өтпеген, тіркелмеген телефондарды заңмен реттейтін тетік іске қосылды. Министрлік өшіру алдында әр бір құрылғы қайта тексерілетінін айтты. Айта кету керек, наурыздан бастап барлық құрылғылар үшке бөлініп қарастырылады. Енді ұялы телефонды тек ресми дүкендерден сатып алған жөн, себебі алданып жатқандар да аз емес. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жан-жақты саралап, мамандардың кеңесімен бөліседі.
2025 жылдың наурыз айынан бастап елдегі жаңа мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді:
• Ақ тізім – расталған, тексерілген құрылғылар;
• Сұр тізім – уақытша қолжетімділігі бар телефондар;
• Қара тізім – IMEI-коды дұрыс емес немесе өзгертілген құрылғылар.
Қара нарық жойылған жоқ
Астаналық тұрғын маркетплейстен телефон сатып алған. Кейін байқаса, құрылғысы верификациядан өтпеген болып шықты. Өздігінен онлайн тіркеп көргісі келген, алайда одан да нәтиже шықпаған соң, құрылғыны қайтаруға мәжбүр болған.
Астаналық кәсіпкердің айтуынша, аталмыш жағдайларға тап болатын халықтың саны күн сайын артып келеді. Бутик иесі Зарина Ахмединаның айтуынша, күнде телефондарын бұғаттан шығаруға көмек сұрайтын адамдар көп. Оның сөзінше, eGov порталы арқылы верификация жасау жиі техникалық ақауларға байланысты мүмкін болмай жатады. Сондықтан кейбір азаматтар ақылы қызмет ұсынатын делдалдарға жүгінуге мәжбүр.
Телефон сатып алып, он жылға сотталған жігіт
Тәуелсіз журналист Диас Нұрақын қайғылы оқиғамен бөлісті. Ол телефон сатып алып, он жылға сотталып кеткен жігіттің жағдайын мысалыға келтірді.
"Осы оқиға оншақты жыл өтсе де әлі күнге қаз-қалпында көз алдымда. Жап-жас жігіт «Көк базар» жақтағы «шпаналардан» телефон сатып алыпты. Ойында он тиын жоқ үйіне әкеліп зарядтап, симка салып қосқан. Көп ұзамай полиция сау ете қалады. Сөйтсе сатып алған телефоны «криминальный» жолмен келген екен», - деп жазды ол.
Яғни, Сайран жақта басбұзарлар бір жігітті ұрып өлтіріп, ақшасын телефонын тонап кеткен. Әлгі жас жігіт сол телефонды сатып алған көрінеді. Іске қосылған кезде полиция биллинг арқылы анықтап, қылмысқа қатысы бар деп әлгі жігітті қамауға алған.
«О, заманда телефон ұстаған адам бай болып көрінетін. Блютозы мен полифониясы бар қалтафон тіпті модада еді. Сол үшін кейбір көрсеқызарлар адам өлтіруге дейін баратын. Тіпті трансұлттық қылмыстық топтар құрылып, олар ұрланған, тоналған телефондарды Қырғызстан арқылы легализациялайтын болған. Яғни, көрші елде ұрланған телефонды бізге, бізде ұрланған телефонды қырғыздарға сататын. Ал, полиция бір кусок пластмасс үшін түк терлемейтін. Қазір де солай», - деп қосты журналист.
Бүгінде бас-басымызда смартфон бар. Тіпті қос-қостан құшақтап жүретіндер де көп. Сондықтан телефон бизнесі үлкен нарыққа айналды. Смартфонға сұраныс артқан сайын шетелден түрлі жолмен кіргізіп жатыр. Қара нарық та жойылған жоқ. Сондықтан үкімет сырттан келген смартфондарды верификациялап жатыр.
Яғни, IMEI кодын тіркеп, заңдастыруға көшті. Бұл телефонның қайдан келгені, кім ұстағаны туралы толық ақпарат алу үшін керек. Жүрілген көлік сатып аларда карфаксты тексереді ғой. Сол сияқты енді телефонның да кодын тексеретін болады.
“Себебі бұл жас жігіт сияқты «ұрынып» қалмауға септеседі. Тіпті ЦУМ мен ГУМ-дағы алаяқтардан да қорғайды. Өйткені Қытайда жасалған айфонды АҚШ пен Дубайдан әкелінді деп телефон танымайтындарға тықпалап жіберген жағдайлар да көп кездеседі. Сол себепті смартфон сатып аларда сөреден кетпей тұрып IMEI кодын тексеріп, әбден көз жеткізіп алыңыз», - деп кеңес берді.
Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская да осындай кеңес береді. Айтуынша, IMEI верификациясы жай формалдылық емес, әрбір тұтынушының жеке қауіпсіздігіне жасалатын маңызды қадам.
«Бұл жай талап емес, сіздің жеке қауіпсіздігіңіз бен құқықтарыңызды қорғауға бағытталған маңызды қадам. Жаңа телефон сатып алғанда оның сенімділігіне көзіңіз жете ме? Сондықтан, IMEI верификациясы сізді түрлі қиындықтардан қорғайтын сенімді қалқан. Ол сіздің құрылғыңыздың заңды екенін, техникалық сипаттамаларына сай келетінін және болашақта ешқандай мәселе туындамайтынын растайды. Қиындықтарға тап болмас үшін, сатып алу алдында IMEI мәртебесін міндетті түрде тексеріңіз. Бұл сізді артық әурешіліктен және қаржылай шығыннан қорғайды, - дейді Романовская.
Сондай-ақ ол 25 маусымға дейін тіркеліп, ұялы байланыс желісіне қосылған құрылғылар үшін алаңдауға еш негіз жоқ екенін атап өтті. Мұндай құрылғылардың IMEI-кодтары автоматты түрде базаға енгізілген, сондықтан оларға байланыс бойынша ешқандай шектеу қолданылмайды.
Телефон бұғатталмас үшін не істеу керек?
Мамандар смартфонды маркетплейстерден емес, тексерілген дүкендерден сатып алуға кеңес береді.
Телефонның мәртебесін тексеру үшін:
1. Қаптамада көрсетілген IMEI-кодты kzima.kz сайтына енгізу керек;
2. Егер құрылғы тіркелмеген болса, eGov мобильді қосымшасы арқылы верификациядан өту қажет.
3. eGov mobile мобильді қосымшасы: «Танымал қызметтер» бөлімінде «Абонент құрылғысының IMEI кодын тексеру» сервисі бар.
4.eGov порталы: Басты беттен «Сатып алмас бұрын құрылғыны тексеру» бөлімін табыңыз.
5. Идентификациялық кодтар деректер базасының сайтыө kzima.kz.