Әнші Төреғали Төреәлі Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездескенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында көлемді жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі Нұрлыбек Нәлібаевпен туған күндері бір күн аралығында екенін атап өтіп, екеуінің де Сыр өңірінен шыққанын ерекше ықыласпен еске алды. Төреғали Төреәлінің сөзінше, араға уақыт түскенімен, қайта жүздесудің өзі оған ерекше әсер қалдырған.
«Жанашыр ағалар болады… 13 қазан Нұрлыбек Машбекұлы ағамның туған күні. 14 қазан менің туған күнім.
Бір күннің аралығында туған, Сырдың топырағынан түлеген бізді тағдырдың осылай тоғыстырғанына да бір сәт ой жүгіртесің.
Уақыт деген кейде адамдардың арасын алыстатқанымен, көңілдегі сыйластықтың бағасын ұғындыратын сияқты.
Міне, бүгін қайта қауыштық. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек.
Жай ғана амандық сұрасып, өткенді еске алумен шектелмедік.
Сырластық, ой бөлісу, мүдде тоғыстыру, алдағы күндер туралы әңгіме өрбіді.
Кейде бір адамның жанында отырып-ақ, талай жылдан бері айтылмай жүрген ойларыңды ақтарғың келеді. Өйткені кейбір адамдармен әңгіменің өзі бөлек, үндестіктің өзі бөлек».
Төреғали Төреәлі жазбасында Нұрлыбек Нәлібаевтың өнер саласына, соның ішінде айтыс өнеріне ерекше көңіл бөліп, ақындарға қолдау көрсетіп келе жатқанын да атап өтті. Әнші қайта табысудың қадірін уақыт өте тереңірек түсінетінін жеткізді.
«Нұрлыбек аға жалпы өнердің, өнерпаздардың жанашыры.
Айтысқа деген құрметі ерекше. Ақындарымызды да қолдап келе жатыр.
Осындай қайта табысудың қадірін уақыт өте келе тереңірек түсінеді екенсің.Өмірде кіммен қанша жыл араласқаныңнан бұрын, қайта кездескенде қандай күйде қалатының маңызды шығар. Ал бүгінгі жүздесуден көңілге жылылық, ойға жаңа бағыт, ертеңге деген жақсы ниет түйіп қайттым.
Бәлкім, кейбір кездесулер дәл өз уақытында болады.
Бұрынғы әңгімені жалғап қана қоймай, жаңа бір парақтың ашылуына себеп болады».
Жазба соңында әнші Нұрлыбек Нәлібаевты туған күнімен құттықтап, елге пайдалы істердің басынан табыла беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ өзінің ағаларға қатысты ой түйінін де бөлісті.
«Нұрлыбек аға, туған күніңіз құтты болсын!
Жасыңызға жас қосылып, ғұмырыңыз ұзақ, берекелі болсын.
Қазақ елінің абыройын асқақтатып, елге пайдалы істердің басынан табыла беріңіз!“Біз жақта тау жоқ, бірақ тауыңды қопарып тастайтын ағалар бар…”», деп түйіндеді ол.
Осылайша Төреғали Төреәлі Нұрлыбек Нәлібаевпен арадағы кездесудің өзі үшін ерекше мәнге ие болғанын айтып, оған деген сый-құрметін жеткізді.