Белгілі тарихшы, публицист Сұлтанхан Аққұлы қазақ қоғамында ұлттық тарихи сананы күшейтудің маңызы туралы өз пікірін білдірді деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. Оның айтуынша, қазіргі ұрпақ өз тамырын терең білмей, тек үстірт деректермен шектеліп отыр.
«Біз өзімізді қазақ деп қалыптасқалы тұтас тарихымызды толық білмейміз. Көп жағдайда тек жеті ата секілді ұғымдармен шектелеміз. Ал бұл – тек бір тармағы ғана. Ең бастысы, бізге көне дәуірден бүгінге дейінгі тарихымыз жүйелі түрде үйретілмейді. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да бұл бағытта олқылықтар бар», — деді Сұлтанхан Аққұлы.
Ол сонымен қатар қазақ халқының өз тарихын өз қолымен жазуы қажеттігін атап өтті.
«Біздің тарихымызды көбіне кеңес дәуірінің өкілдері жазды. Ал ол еңбектердің басым бөлігі идеологиялық шектеулер мен мифологияның шырмауында қалды. Егер өз өткенімізді өзіміз зерттеп, шынайы түрде қағазға түсірмесек, ертеңгі ұрпақ алдында ұятқа қалуымыз мүмкін», — деді тарихшы.
Сұлтанхан Аққұлының пікірінше, ұлттық тарихты жаңаша пайымдау ұлт болашағын айқындайтын маңызды міндет. Ол қазақ қоғамын тарихи сананы жаңғыртуға, жас буынды ел тарихын терең үйренуге үндеді.