Жамбыл облысы

Тараздағы қанды оқиға: Күдікті шизофрения диагнозымен тіркелген

Тараз қаласында қоғамды дүр сілкіндірген ауыр қылмыс тіркелді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.

 

Кеше түстен кейін Рысбек батыр көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінен 83 жастағы зейнеткер К.Ч.-ның пышақ жарақаттарынан көз жұмғаны анықталды.

 

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 68 жастағы В.Б. қала ішінде серуендеп жүріп, дүкен маңында марқұммен жолыққан. Амандасып, екеуі бірге зейнеткердің үйіне қарай бет алған. Қолында азық-түлік салынған пакеті бар К.Ч. танысын өзімен бірге үйіне шақырған.

 

Алайда подъезд ішінде, бірінші және екінші қабаттың арасындағы алаңда, күдікті кенеттен пышақ шығарып, зейнеткерді іш тұсынан екі рет жарақаттаған да, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушінің жан дауысы тұрғындардың назарын аударған.

 

Көршілердің бірі қылмыскердің артынан қуып, оны Тараз қалалық полиция басқармасының ғимаратына дейін қуып барған. Күдікті полиция ғимаратына кірген сәтте куәгер кезекші қызметкерлерге оның қолында пышақ бар екенін ескерткен. Құқық қорғау органдарының қызметкері күдіктінің қолындағы суық қаруды дереу тартып алған.Куәгер полицейлерге дәл осы адамның аз уақыт бұрын адам өлтіргенін хабарлаған.

 

HALYQSTAN тілшісінің анықтауынша, бұл күдіктінің бұрын да ауыр қылмыс жасағаны белгілі болды. 2001 жылы В.Б. өз әйелін өлтіріп, артында екі қызы мен ұлын анасыз қалдырған. Ол қылмысы үшін 8 жылға сотталғанымен, 2008 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Ал 2011 жылы Ақтас психиатриялық мекемесіне мәжбүрлі емдеуге жіберіліп, тек 2021 жылы ғана есептен шығарылған.

 

Күдікті шизофрения диагнозымен психиатриялық есепте тұрған. Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысында қызының үйінде тұрған. Қараша айының соңында Тараз қаласына туыстарына қонаққа келгені анықталды.

 

Қазіргі таңда В.Б. ұсталып, Тараз қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Барлық жаңалық