Жаңалықтар

Таразда ер адамдар 13 жастағы қызды аялдамадан ұрлап кетпек болған (ВИДЕО)

Таразда ер адамдар 13 жастағы қызды аялдамадан ұрлап кетпек болған (ВИДЕО)

Тараз қаласында 13 жастағы қызды белгісіз ер адамдар көлікке күштеп отырғызуға әрекеттенген. Оқиға 16 ақпан күні күндізгі уақытта аялдама маңында болған. Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Бейнежазба Instagram желісіндегі taraz_life парақшасында жарияланған. Желі қолданушыларының жазуынша, аялдамада тұрған ер адам араша түсіп, күдіктілердің әрекетіне тосқауыл болған. Осыдан кейін олар оқиға орнынан кетіп қалған.

Алдын ала ақпарат бойынша, видеоны қыздың әкесі бейнебақылау камерасынан алған. Жазбаны көрген соң ол қызымен хабарласып, мән-жайды нақтылаған. Кадрлардан әкенің қызымен сөйлескен сәті де естіледі. Қыздың айтуынша, ер адамдардың бірінің басында ақ түсті бас киім болған.

Қалалық полиция аталған дерек бойынша жедел шара қабылданғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, күдіктілер "ізін суытпай" ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қазір соталды тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр. Полиция балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген құқықбұзушылық ерекше бақылауда болатынын және заң аясында қатаң шара қолданылатынын атап өтті.

Барлық жаңалық