Тараз қаласында 31 желтоқсан күні сағат 22:18-де бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы балконнан өрт шығып, жалын ғимараттың бүкіл шатыр аумағына тараған деп хабарлайды Оzgeris.info.
Оқиға орнына өрттің жоғары деңгейі бойынша жедел қызметтердің күштері мен құралдары дереу жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер жеткен сәтте тұрғын үйдің шатыры толықтай ашық жану күйінде болған.
Жамбыл облысы ТЖД күштерімен тұрғын үйден 100 адам эвакуацияланды, оның ішінде 30 бала бар. Тұрғындар үшін алдымен арнайы өрт сөндіру автокөлігінің базасында, кейін жақын маңдағы мектеп ғимаратында уақытша жылыну пункті ұйымдастырылды. Бұл туралы Тараз қалалық ТЖБ бастығы Ербол Амиров мәлімдеді.
Өрт орнында Жамбыл облысы ТЖД басшысының жетекшілігімен жедел штаб құрылды. Су үздіксіз жеткізіліп, үш жауынгерлік учаске жұмыс істеді. Жалынды сөндіруге жеті су шашқыш оқпан қолданылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алды.
Абырой болғанда, өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге 62 адам және 22 бірлік техника тартылды.
ҚР ТЖМ-нің мәліметінше, өрт 1 қаңтар күні сағат 00:13-те толық сөндіріліп, алдын ала есеп бойынша 900 шаршы метр аумақты қамтыған.