Абай облысында полиция алаяқтық дерегін анықтады. Жұмысқа орналастыруға көмектесемін деген танысының әрекеті әйелге күтпеген қарыз болып шыққан деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Полиция мәліметінше, Аягөз ауданында тұратын 41 жастағы әйелдің сенімі алаяқтықтың құрбаны болуына себеп болған.
Тергеу барысында анықталғандай, 2025 жылдың қараша айында Жетісу облысының 39 жастағы тұрғыны жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп уәде беріп, жәбірленушінің телефонын пайдаланған.
Сол арқылы ол әйелдің атына онлайн несие рәсімдеп, шамамен 499 850 теңге көлемінде қарыз алған.
Жәбірленуші өзінің атына несие рәсімделгенін кейін ғана білген. Ол полицияға арызданғаннан кейін күдікті анықталды.
Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетін «Алаяқтық» бабы бойынша саралады. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.