“Жігіттер” квартетінің мүшесі, әнші Ердос Қанаев жақында қайтыс болған әкесіне арнап жүрек тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әнші Instagram парақшасында әкесін еске алып, өз сезімін өлең жолдары мен шынайы естеліктер арқылы жеткізді.
«Ей, дүние! Енді сенде менің асқартау Әкем жоқ… Ей, ақырет! Енді сен асқартау Әкеме хайырлы тұрақ бол! Ішімде сондай шарасыздық тұр. Әкеден айырылудың мұндай қиын екенін білсем де, ешқашан сезіп көрмеп едім. Енді түсіндім “тауым шағылды” деген сөздің мәні осы екен», — деп жазды Ердос Қанаев.
Әнші әкесіне деген құрметін, балалықтан қалыптасқан сағынышын және ата-анаға деген борыш сезімін тебірене еске алды.
«Әкемнің көңіліне тимесін деп, көшенің жағымсыз әңгімесін айтпайтын едім. Тәттіні әкем жесін деп, дастарханнан бірінші қол созбайтынмын. Әкем ұзақ өмір сүрсінші деп, емдетіп жүретінмін. Балаларым ешкімге қол созып қалмасын деп, оның шаршаған қолын сүйетін едім», — деп бөлісті ол.
Ердос Қанаев жазбасында ата-ананың разылығын алудың, оларға қызмет етудің өмірдегі ең үлкен бақыт екенін де атап өтті.
«Менің Жәннатымның бір есігі жабылды. Әкем маған ең жақсы Әке болды. Уа, Алла, әкемнің күнәларын кешіріп, ризық-несібесін Жәннат ет!» — деп түйіндеді әнші.