Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына тән белгілермен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, балалар 2026 жылғы 12-13 қазан күндері Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Қазіргі уақытта олардың жағдайын дәрігерлер бақылап отыр.
Бұдан бөлек, мектеп-интернаттың тағы сегіз оқушысы оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.
Оқушылардың жаппай сырқаттануына байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы шығарған.
Қазір мамандар оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Зертханалық талдауға қажетті сынамалар да алынған.
Әзірге балалардың неден сырқаттанғаны және инфекцияның таралу себебі туралы нақты ақпарат жоқ. Оқиғаға қатысты тексеру жалғасып жатыр.